Семей қаласына жаңа автобустар жіберіле бастады
Енді отандық компания құрастырып шығарған 60 автобус Семей қаласының тұрғындарына қызмет көрсетпек
Жаңа көліктердің қандай маршрут бойынша қатынайтыны әлі белгісіз. Ол тендер байқауы өткеннен кейін ғана белгілі болмақ.
Ал "СемАЗ" ЖШС директоры Әсемхан Досқұжановтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасау үшін жаңа автобустарға пандустар мен орындықтар орнатылған. Ал мұндай автобустар облыс орталығы Өскеменде де жоқ.
Ал Семей қаласының жолаушылар тасымалын дамытудың кешенді бағдарламасы үкіметте жасалып, қазір жүзеге асырыла бастады. Соның негізінде 170 автобусты құрауға жеңілдік берілген.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, автобустарды құрау жобасына 4 млрд теңге бөлінген.
- Құрметті семейліктер, сіздер қоғамдық көлік пен жолдың нашар екендігін айтып, екі жыл бойы шағымданған едіңіздер. Енді міне көше кеңейтіліп, жол жөнделіп, жаңа автобустар бағытқа шыға бастады. Жақын арада қаладағы автобустардың 90%-Ы жаңартылатын болады, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.