ШҚО-да жыл басынан бері алты адам жұмыста жүріп қаза тапқан
Жыл басынан бері өндіріс пен қызметте 44 адам жарақат алып, оның алтауы көз жұмған, қалған 30-ы мүгедек болып қалған
Ал ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мамандарының айтуынша, жазатайым оқиғалардың көбі жұмыс берушілердің кесірінен болады.
- Жұмыс орындардың дұрыс ұйымдастырылмауы мен техникалық талаптарының толық орындалмауынан көп жазатайым оқиға орын алады. Ғимараттар мен жұмыс орындарының да техникалық жағы нашар, - дейді басқарма басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров.
Тау-кен, металлургия өндірісі мен құрылыс саласында, бюджеттік салада жұмыс істейтін мамандар көп зардап шегеді екен. Мамандардың айтуынша, ірі кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлгенімен, орта және кіші кәсіпорындары еңбек шарттарына көңіл бөлмей отыр.
- Бәрі қағаз күйінде қалып отыр. Жұмыскерлер құжатқа қол қойып қана жұмыс істеп жүр. Техникалар мен құрал-жабдықтар тозған, ал олардың техникалық жағдайын ешкім қадағалап отырмайды, - дейді ШҚО Құрылыс кәсіподақ басшысы Юрий Потапчук.
Шығыс Қазақстан облысы өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың саны бойынша республикада Қарағанды облысынан кейін екінші орында тұр.