Телеграм арқылы қалай анықтама алуға болады?
Қазір ел-жұрт Уатсап, Вайбер, Фейсбук сынды хабарлама алмасатын мессенджерлерді көп қолданады. Олардың арасында Телеграм да бар
Ал Халыққа қызмет көрсету орталықтары Телеграм арқылы қызмет көрсетіп, кейбір құжаттарды мессенджермен жолдай бастады.
Атап айтқанда, Телеграм арқылы енді мекенжай анықтамасын, сотталғаны не сотталмағаны, жылжымайтын мүлкі бар-жоғы жайлы анықтамаларды, базалық зейнетақы жайлы ақпараттарды алуға болады. Сонымен қатар, осы мессенджер арқылы емханаға тіркелуге, дәрігердің қабылдауына жазылуға, дәрігерді үйге шақыруға болады. Наркологиялық, психоневрологиялық және туберкулез диспансерінен беретін анықтамаларды да "Телеграм" бере бастады. Туылған сәбиді тіркеу, жұмыс іздеу мен маман табу сынды қызметтер енді қолданыла бастады.
Ендеше Телеграм арқылы қызмет алудың жолдарын түсіндіріп өтейік. ХҚКО қызметкерлерінің айтуынша, Телеграм арқылы қызмет алғысы келген азамат алдымен eGov.kz порталына тіркеліп, телефон нөмірін бекітуі тиіс. Ал телефонды тіркеу үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Оны ХҚКО-ға барып алуға болады. Сол ЭЦҚ арқылы телефонды порталға тіркеу
керек.
Одан кейін Телеграм мессенджерін смартфонға жүктеп алып, оның іздеу батырмасы арқылы EgovKzBot каналын тауып алу қажет.
- Тапқан соң, оны ашып, "Старт" тетігін басып, кейін мәзір арқылы телефон нөмірін жіберу керек. Содан кейін хабарлама арқылы қандай қызметтерді алуға болады, соның тізімі келеді. Өзіңізге қажетті құжатты не қызметті таңдай отырып, хабарлама жіберген командаларды орындау керек. Осы жерде айта кеткен жөн, Телеграм орнатылған смартфонда міндетті түрде тіркелген телефон нөмірі тұруы қажет. Өйткені құжат алған сайын, СМС арқылы код келіп отырады. Соны тіркеп қана құжатты толықтай жүктеп алуға болады, - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕ АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалының баспасөз қызметі.
Әзірше Телеграм арқылы 24 қызмет түрін алуға болады. Десе де ХҚКО мессенджер арқылы көрсетілетін қызметтердің саны әлі де артатындығын айтады.
Осылайша азаматтар ешқайда бармай-ақ, смартфон арқылы қажетті құжаттарын алып, уақыты мен қаржысын үнемдейді.
- Жұмыстан сұрану, кезекте тұру сынды басы артық шығындардан арыла аласыз, - дейді баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.