Тарбағатайда қайырымдылық дүкені ашылды
Тарбағатайдың Ақсуат ауылындағы Ұрынхай мешітінің жамағаты көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға арнап тегін киім-кешек тарататын дүкен ашты
Мешіт имамының айтуынша, қайырымдылық дүкенінің басты ерекшелігі де сол - тек жаңа киімдерді ғана тарататындығы. Себебі қайырымдылықтың өзі тазалықтан басталуы тиіс деген ұстаным бар.
- Дүкенді ашу жұмыстарын жамағатпен ақылдасып күзде бастағанбыз. Ашылғанына бір айдай ғана уақыт болды. Тек киілмеген киімдерді ғана қабылдаймыз. Өйткені алушы жандарға да тартымды болсын деген ойға келдік. Жаңа киімді кім де болсын кигісі келетіні хақ қой. Дүкенде балалардың да, ересек жандардың да киімдері бар. Келіп өздері таңдап алып кетеді, - дейді Ақсуат өңірлік мешітінің бас имамы Айдын Құсманұлы.
Қазір мешіттің көмек көрсету тізімінде елу шақты отбасы тұр. Одан басқа да мұқтаж жанұялар жетерлік. Мешіт қызметкерлері қайырымды жандардан жиналған киімнің көлеміне қарай мұқтаж отбасыларды аптасына бір рет дүкенге шақырып көмек жасайды. Өткен аптада 16 бала келіп, бір қабат киімдерін алып, киініп кеткен. Енді реті келсе, зәру жандарды аптасына бір рет емес, екі-үш рет шақыру жоспарланып отыр.
- Алдағы уақытта дүкенімізді үлкейтіп, орталық жақтан жеке ашсақ па деген ойымыз бар. Бәрі де жамағаттың қалауы ғой. Елімізде ізгі жандар жетерлік. Былтыр ғана алты балалы жанұяға қамқор жамағат үй салып берген еді. Әрине, садақа мен қайырымдылық жария үшін жасалмайды. Барлығы бір Алланың разылығы үшін. Оң қолыңмен жасаған жақсылықты сол қолың көрмесін дейді ғой. Мұның барлығы риясыз істер, - деп ойымен бөлісті бас имам.