Өскеменде екі алаяқ криптовалюта сатамыз деп елді алдаған
Трейд компанияның жалған акцияларын сатқан екі әйел 26 млн теңге пайда тапқан
Адамдардың сеніміне кіру үшін қос алаяқ криптовалюта жасаушы компанияның ресми өкілі ретінде тіркеліп, компанияның сайтында жалған арна құрып, салымшылардың қаржысын сол есепшотқа аударып отырған.
Ал салымшыларға салған "инвестициясы" үш есе өседі деп алдап, екі айдың ішінде тақырға отырғызып кетіп отырған. Кейбіреулерін қармаққа түсіру үшін бірінші айда есепшотына табыс түсіріп, екінші айда одан да көп ақша салуға үгіттеген. Ал инвестициясын көтерген тұрғындардың қаржысын өздері қалтаға басқан.
Өскемен қаласы №2 соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, қос азамат айналдырған жарты жылдың ішінде 26 млн теңге пайда тапқан.
Сот залында күдіктілер өз кінәсін толықтай мойындаған әрі қолды қылған қаржыларын қайтарып берген. Екі әйелдің де баласы бар болғандықтан, сот оларға үш жыл бас бостандығын шектеу туралы жеңіл жаза қолданған.