Таудағы байрақ ауыстырылмай тұр
"Қазақстан" тауындағы мемлекеттік байрақты бұзақылардың кесірінен ауыстыру мүмкін болмай отыр
Өскемендіктер ұсқыны кеткен мемлекеттік рәміздің ел назарында ілініп тұрғанына наразылық танытып жатса, биліктегілер оны ауыстыру мүмкін болмай отырғанын айтады.
"Қазақстан" тауындағы мемлекеттік байрақ қаты желден жыртылып кеткен.
- Елдің символы неге бұндай жағдайда тұр? Осыны қадағалайтын ешкімнің табылмағаны ма? - деп пікір білдіреді тұрғындар.
Ал коммуналды кәсіпорындағылар бұған дейін де байрақтың дәл желдің өтінде тұрғандықтан, тез жыртылып кететіндігін айтқан. Бірақ жыртылған сайын тез жаңасы ілінетін еді. Бүгінгі күні әлі тұр.
- "Қазақстан" тауындағы мемлекеттік байрақты бұзақылардың кесірінен ауыстыру мүмкін болмай отыр, - деп түсіндірді Өскемен қалалық әкімдіктегілер. - Көтергіш құрылғының бөлшегі ұрланған. Қазіргі уақытта сол ұрланған затты сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сосын жедел түрде байрақ ауыстырылады.
Бірақ нақты қашан екені белгісіз.