Семейде өлі сәбидің табылғаны жайлы ақпарат жалған болып шықты
Қоғамдық тәртіпті бұзуға салдары тиген кез келген жалған ақпарат үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
Мәселен, 15 қараша күні әлеуметтік желіде Семей қаласынан сағат 11.00 шамасында өлі сәбидің табылғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Кейін полицейлер бұл ақпаратты теріске шығарды.
Семей қаласының Әуезов полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шарасын ұйымдастарып, қаладағы жоғары оқу орнында үшінші курс оқитын 20 жастағы студентті жалған ақпаратты таратты деген күдікпен ұстаған.
- Студент қыз WhatsApp мессенджеріне қоқыс жәшігінен сәбидің мәйіті табылды деп жалған бейнежазба жасаған. Аталған іске қатысты соталды тергеу амалдары жасалуда, - дейді Семей қаласының Полиция басқармасы.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға жалған ақпарат таратуға болмайтындығын, ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін ескертеді.