ШҚО-да 300-ге жуық мектеп асханасы талапқа сай емес
Мектеп асханалары санитарлық нормаларды ұстанбайды, ал құрал-жабдықтары мүлдем ескірген
ШҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті аудандағы білім беру бөлімдері мен мектеп басшылары жиналған, облыс әкімдігінде өткен жиналыста мектеп асханаларындағы мәселелер туралы айтып, тез арада қатаң шараларды қолға алу керектігін ескертті.
Мәселен, жыл басынан бері облыста 290 мектеп асханасының санитарлық жағдайы тексеріліп, оның 283-інен көптеген олқылықтар табылған. Яғни, облыс өңіріндегі асханалардың барлығы талапқа сай емес деген сөз.
- Мектеп асханаларының тамақты сақтау, дайындау және беру талаптары мүлдем санитарлық нормаларға сай емес. Тамақ дайындау орындары лас, кір, май сіңген. Ал тамақтарды тоңазытқышқа дұрыс қоймайды. Сатып алынған азық-түліктердің де сапасы белгісіз. Кейбір асханаларда тамақ жасау, ыдыс жуумен айналысатын жұмысшылардың аспаздық білімін дәлелдейтін құжаттары тұрмақ, санитарлық кітапшасы да жоқ, - дейді ШҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Болат Қуанышбеков.
Құзіретті органдар мектеп асханаларын бір жылда екі рет тексереді. Ал бірінші келіп тексеріп, беріп кеткен ескертпелерін келесі жылы келіп тағы тексереді. Бірақ мәселе мынада асханада қызмет көрсету тапсырысын ұтып алған мердігерлер бір жыл ғана жұмыс жасайды да, келесі жылы құрал-жабдықтарын жинап, басқа мекемеге кетіп қалады. Яғни, тендер тапсырысы бір жылға ғана беріледі. Ал санитар мамандар келесі жылы келіп тағы аталған асхананың жағдайын тексерейін десе, оның орнына басқа кәсіпкер келген болып шығады.
- Аспазшылардың көбі жарты жыл бойы санитарлық тексерістің болмайтынын жақсы біледі, сондықтан жүгенсіздікке барып жатады. Егер оқушы уланып қалса ғана біз жоспардан тыс тексеріс жүргізе аламыз. Оның өзінде де, оқушының дәл осы асханадан тамақ ішіп, содан уланғаны дәделденуі керек, - дейді Болат Ғазезұлы.