Қазақтың көне есептері жайлы
Тілімізді тереңдетіп үйренуге ерекше мән беріліп отырған қазіргі күнде ұлттық сана-сезімі, тілі буылдыр тартып, көмескілене бастаған жастарымызды тәрбиелеуде қазақтың байырғы есептерінің мағынасын білудің орны ерекше
Мұндай есептермен оқушыларды таныстырып отырудың мәні - ұлттық мектептердің қай-қайсысында болса да ана тілімен қатар сол халықтың рухы, өніп-өсу тарихы, әдет-ғұрпы, тұрмыс салты, елдің дәстүрлері жайында жүйелі түрде білім берілмейтін болса, онда ұлттық мектеп бола алмайтыны шындық.
Ғасырлар бойы сақталып бізге дейін жеткен ата ақылын ғылыми тұрғыдан талқылап, жеткізе білу біздің парызымыз. Сынып оқушыларына осы тақырыпқа байланысты есеп шығарту, мағынасын түсіндіру сабаққа тек ұлттық сипат беріп қана қоймай, оның қызықтылығы мен мағыналылығын, сөйлеу шеберліктерін арттырады.
Қазақ педагогикасының математикалық астарлары да түрліше. Олар жұмбақ, өлең, қарасөз, ертегі, ілмек, дұзақ, сиқырлы ой айту сынды және тағы басқа түрде кездеседі. Халық есептерінің өзімен туыстас, жалғас, көршілес елдердің салт-санасымен астарласып, үндесіп, қабысып жататындығы бар.
Сонымен бірге, оқушылар қазіргі кезде күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген кейбір математикалық байырғы өлшемдердің де физикалық шамалардың өлшем бірліктері екендігін түсінеді. Әдеби кітаптарды оқығанда қиындық келтіріп жүрген кейбір сөздің мағынасын түсінуге мүмкіндік туады.
Қазақтың байырғы математикасында пәнаралық байланыс өте кең дамыған. Соның ішінде әдебиет, информатика, физика пәнімен байланысын байқауға болады. Қандай есепті алсақ та, мақал немесе нақыл сөзбен түйінделген. Бұл түйіндеулерге зер салсақ, әрқайсысының тәрбиелік мәні зор. Тәрбие - сан қырлы. Ата-тегінің табысын айту, халқыңның дәстүрін сақтау, оны өз заманыңның қағидаларымен шендестіру тәрбиенің бір көзі. Қазақтың көне есептерінің мағынасы мен логикасын түсіндіріп, қолданылуын көрсету арқылы жас ұрпақтың білімін кеңейтіп, сөздік қорын, сөйлеу шеберлігін арттыру және өз ойын еркін жеткізуге ұмтылатындай, ізденетіндей дағдыларды қалыптастыру - ғылыми жұмыстың басты ойын түсіндіру. Қазақтың байырғы есептерін зерттеп, оның кестесін құру, мағынасын түсіндіру оңай емес, бірақ тілімізді тереңдеп үйренуге ерекше мән беріліп отырған қазіргі кезеңде тұрмыс-салт ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан есептерді қайта жаңғыртып, оқыту мәселесі де назарымыздан тыс қалмауы тиіс.
Олай болса, қазақтың байырғы есептерін оқытуды математиканың бағдарламасына кіргізу керек деп ойлаймын.
Қаламқас Имашева,
Дарынды балаларға арналған ШҚО арнайы мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы