Өскеменнің кейбір көшелерінде түнде жарық жоқ
Қала тұрғындары көшелерде түнде жарықшамның өшіп жататынына наразы
"Горсвет LTD" ЖШС өкілдері кейбір көшелерде неге жарықшам өшіп жататынын айтты.
- Қала көшелерінде жарықшам тек сағат 17.15-те ғана қосылады. Егер көше жарық қосылмаған болса, онда бір-екі жерде ақау болды деген сөз. Біз оны дереу жөндейміз. Күн сайын Аймақтық энергетика компаниясымен келісім жасаймыз, жарықшам қосамыз. Егер компанияның бас стансасы жарық қосуға рұқсат етпесе, онда біраз уақыт күтуге тура келеді. Өткенде сондай жағдай орын алып, жарықшамдар 20 минут кешіктіріліп барып қосылған болатын, - дейді участок басшысы Қымбат Қабаев.
Қала тұрғындарының наразылығын тудырып отырған тағы бір мәселе – жарымшамдардың әлсіздігі. Яғни, қала әкімдігі электр энергияны үнемдеу үшін жаңа жарықшамдар орнатқан болатын. Алайда бұл жарықшамдардың қуаты нашар, тек бағанның маңайына ғана жарық түсіреді. Ал жолдың қалған жағы қап-қараңғы. Әсіресе, жаңбыр жауған кезде қиынырақ. Өйткені жолдың үстіне көру мүмкін емес.
Жүргізушілер де жаяу жүргіншіні қараңғыда байқай алмай қалатындарын айтады.
Алайда аталған кәсіпорын жарықшамдарға тек электр энергиясын берумен ғана айналысатынын, ал жарықшамдардың өзіне еш жауап бермейтінін жеткізді.