"Алтай" әйелдер волейбол клубына жаңа ойыншылар келді
Ел тарихында клубтық Әлем чемпионатына қатысуға тұңғыш рет мүмкіндік алған "Алтай" клубы команда жасақтауға кірісіп, үш легионер ойыншымен келісім жасады
Оның бірі - Әзірбайжан құрамасында өнер көрсетіп, әлемдік клубтарда бақ сынаған Наталья Маммадова. Әлем чемпионатына қатысып жүрген ойыншы "Алтай" клубында диагональ позицияда ойнамақ. Екінші легионер Хорватия құрамасының өкілі, Еуропа клубтарының ойыншысы болған - Матеа Икич. Ойыншы Азия чемпионатына алғаш рет қатысқалы отыр.
Ал үшінші ойыншы Украинаның үздік волейболшыларының бірі, байланыстырушы позицияда өнер көрсететін, Еурокубокке қатысқан - Алла Политанская.
- Ойыншылардың "Алтайға" келгеніне екі күн ғана болды. Жаттығу шаралары қалай жүргізілетіндігі әлі белгісіз. Команда ойыншыларымен танысу үстінде, - дейді "Алтай" клубының бас бапкері Юрий Панченко.
"Алтай" әйелдер волейбол клубы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қытай елінде желтоқсан айында өткелі отырған клубтық Әлем чемпионатына қатысуға жолдама алып отыр.
Биылғы клубтық Әлем чемпионатына қанша команда қатысатыны белгілі. Оның Түркия, Бразилия, Қытай, Тайланд пен Франциядан, Қазақстаннан келген сегіз команда өнер көрсетпек. Әлемдік додаға клубтық Азия чемпионатында "Алтайдан" жеңісті жұлып әкеткен "Суприм" де қаруланып келмек. Әзірше "Алтайдың" алғашқы ойында қай командамен кезігетіні белгісіз.