ШҚО-да жолдардың электронды базасы құрылады
Электронды базада жолдың қашан жөнделгені әрі қашан тозуы мүмкін екендігі көрсетіледі
Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты инновациялық технологияларды қолданып, ШҚО жолдарының электронды картасын жасауды, соған қарап жол жөндеу жұмыстарын жоспарлауды ұсынып отыр.
Шығыс Қазақстанда жол жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы жыл сайын көбеюде. Биылдың өзінде жол жөндеуге бір жарым есе көп қаржы құйылды. Алайда жол жөндеушілер қай жолдың қай жерін жөндеу керектігін қолмен, сызғышпен өлшеп жүр.
Ал ғылыми зерттеу орталығы арнайы машинаны қолдана отырып, жолдың жағдайы туралы диагностика жасап, халықаралық индекстерге сәйкес есептеп, электронды базаға енгізбек. Мұнда жолдың ұзындығы мен қалыңдығы, геометриялық параметрлері, тозған жерлері, оның неліктен тозғандығы көрсетіледі.
- Жолдың алдағы 5-10 жылдан кейінгі жағдайын да алдын ала болжауға болады, - дейді "Қазжол ҒЗИ" АҚ вице-президенті Азамат Жайсанбаев.