Өскеменде кейбір азық-түлік бағасы арзандаған
Кезекті рейд өкілдерінің көзі осыған жеткен. Бірақ кей сауда нүктелері баға жапсырмаларын лезде ауыстырып отыратындығын да атап өтті
Баға мониторингі бойынша штабтың кезекті рейді барысында мамандар өздерін танып қойған сатушылар лезде баға жапсырмаларын өзгертіп үлгеретіндігін атап өтті. Сондықтан мониторинг жүйесін өзгерту қажет. Бірақ мамандар жұмыстардың нәтижелілігін атап өтіп, кей жерлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандағанын айтады.
Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омардың тапсырмасымен мамандар негізгі азық-түліктің 19 түріне мониторинг жүргізеді. Ол: пияз, картоп, сүт, айран, жұмыртқа, қарақұмық, макарон, нан және тағы да басқалары.
- Жұмысшы топ "Фрешмаркет", "Жәрдем" и "Арзан" сауда орындарын аралап, бүгінгі бағаға талдама жасады, - деп хабарлады Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі. - Бірақ бұрынғыдай өнімдердің жапсырмаларында өндірушілер көрсетілмеген. Көкөніс пен еттің орташа бағасы нормаға сай, тіпті, "Фрешмаркет" сыртындағы шатырларда баға төмен. Мәселен, пияз бен орамжапырақ 70 теңгеден, басқа орындарда 90, 100 теңгеден сатылады. Картоп пен сәбіз – 65 теңгеден.