Қазақстандық әдебиетшілерге миллионер атануға мүмкіндік бар
Қомақты қаржылай жүлдеге ие болу үшін жыл сайынғы "Алтын Тобылғы" бәйгесінде топ жару шарт
Жүлденің мақсаты — қазіргі заманғы Қазақстанның көркем әдебиетін дамыту, қолдау көрсету және насихаттау
Байқауды өткізуге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мұрындық болып отыр. Ал Қазақстан Жазушылар одағы мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры серіктес болып табылады. Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы қазақ және орыс тілдерінде жазатын авторлар қатыса алады.
Жүлде конкурс негізінде 5 номинация бойынша тағайындалады: "Жылдың үздік прозасы", "Жылдың үздік поэзиясы", "Жылдың үздік драматургиясы", "Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы", "Астананың 20 жылдығы" тақырыбына арналған үздік әдеби туынды.
Әрбір номинация жеңімпазына "Алтын тобылғы" әдебиет жүлдесінің лауреаты атағы және 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. Сонымен қатар, 1,5 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақы "Астананың 20 жылдығы" тақырыбына арналған үздік әдеби туынды номинациясы жеңімпазына беріледі.
Өтінімдер поштамен Астана қаласы,А.Бөкейхан көшесі, 1 үй, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры мекенжайына және at2018@fpp.kz
электрондық пошта бойынша жіберілуі тиіс.
Байқаудың шарттары сайттың "Байқаулар" бөлімінде жарияланған. Байқауға қатысу үшін барлық сұрақтардың жауабын 8(7172)70-83-18 телефон нөміріне хабарласу арқылы нақтылауға болады.