Өскеменде қоқыстардың неліктен шашылып жатқаны анықталмақ
Қазір Өскемен қаласында күл-қоқысы бей-берекет шашылып жатқан жүз шақты орын бар
Қала әкімі Жақсылық Омар қоқысы шашылып жатқан сондай орындардың біріне, Меновное кентіндегі бау-бақша бірлестігіне барды. Кейін белгілі болғандай, мұнда тұрып жатқан тұрғындар қоқыс жинап әкететін компаниямен келісімшартқа келейін десе, ешқандай таңдау жоқ екен.
- "Өскеменспецкоммунтранс" те, "Өскемен-Тазалық" та бұл маңда жұмыс жасамайды. Тұрғындардың келісімге келетін мекемелері жоқ, - дейді Жақсылық Омар.
Ал бау-бақша маңайында шұңқыр жер бар екен, тұрғындардың барлығы қоқыстарын сонда төге бастаған. Ал "Өскемен-Тәртіп" мекемесінің директоры Тамара Рақымжанованың айтуынша, Өскеменде мұндай шашылып жатқан қоқыс орындарың саны жүзге жетіп қалған.
Алайда қоқыстың бұлай шашылып қалуына, ең алдымен, тұрғындардың өздері кінәлі екен. Өйткені көбі қоқыс тасу ақысын төлегісі келмейді.
Қала әкімі мұндай қоқыс алаңдарын жинау мәселесін шешу жөнінде жұмыс тобын құруға тапсырма берді. Егер тұрғындар тарапынан келісімшарт жасаудан бас тартқан жағдайлар болса, онда айыппұл салынады.