Қазақстан БҰҰ-на терроризмнен азат ету жөнінде құжат ұсынды
БҰҰ штаб-пәтерінде Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу мінез-құлық кодексіне қол қою рәсімі өтті
Аталған құжаттың пысықталуы 2015 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастамасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Ақорда.
Салтанатты рәсім Арнайы жоғары деңгейдегі іс-шара форматында өткізілді. Кодекске әлемнің жетпіс мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері мен жоғары өкілдері қол қойды.
Кодексті Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов таныстырды. Ол құжаттың негізгі мақсаттарын, атап айтқанда 2045 жылға қарай терроризмге қарсы халықаралық міндеттемелердің кең ауқымын іс жүзінде жүзеге асыруға және терроризмнен азат әлемге кең жаһандық коалиция құруға серпін беретіндігін баса айтты. Кодекс алғашқы рет қауіпсіздіктің, терроризммен күресудің және дамудың өзара тәуелділігін таниды және осылайша Тұрақты даму мақсаттарын алға ілгерілетуге ықпал етеді.