IT-мамандар дайындалады
Ересек адамдарға компьютерлік сауаттылық пен бағдарлама жасаудың қыр-сырын үйрету үшін елде 20 IT-орталық ашылмақ. Ал орталыққа жүгінген азаматтар алты ай курс оқып, белгілі бір саланың IT-маманы болып шықпақ
Қазір көрші елдердің барлығы ақпараттық технология саласына жіті көңіл бөле бастады. Алдағы отыз жылда қазіргі мамандықтардың барлығы сандық, ақпараттық жүйеге ауысып, IT-бағдарламалау болашағы жарқын жалғыз салаға айналмақ. Сол себепті "Нұр Отан" партиясы балаларға мектептен бастап IT-бағдарламалауды үйретуге ден қоя бастаған.
- Бағдарламалау тілін оқыған балалардың логикалық, креативті ойлау қабілетінің жылдам дамитынын әлемдік зерттеулердің барлығы дәлелдеп отыр. IT-білім алған оқушы болашақта бағдарламалаумен айналыспаса да, кез келген салада шығармашылық қабілетін көрсетіп, үлкен жетістікке жете алады, - дейді партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Биыл елде мың IT-сынып ашу жоспарланған. Ал Шығыс Қазақстан өңірі бұл бастаманы орындауда үлкен жетістікке жетіп отыр екен.
- Биыл Астана мен Алматы қаласын қосқанда жеті өңірдің өзінде 106 IT-сынып ашылды. Ал Шығыс Қазақстанның бір өзінде 277 IT-сынып ашылып отыр. Біз үшін бұл үлкен жетістік, - дейді Мәулен Сағатханұлы.
Ең қызығы, IT-мамандарға деген сұраныс барлық салада бар көрінеді. "ШығысТехСервис" ғылыми-техникалық орталық" ЖШС директоры Сергей Бойконың айтуынша, мамандық нарығына жасаған бірнеше жылдық зерттеудің нәтижесі өңірдің IT-мамандарға зәру екендігін дәлелдеген.
- Әсіресе, өңірдің ірі кәсіпорындарының IT-мамандарға деген сұранысы жоғары. Сондықтан олардың талаптарын ескеру үшін IT-саласынан, аз да болсын, хабары бар мамандарды кәсіпорындарға тәжірибе алуға жіберудеміз, - дейді Сергей Бойко.
Соған байланысты партия өкілдері еңбек нарығындағы IT-мамандарға деген сұранысты қанағаттандыру үшін елдің ересек азаматтарына да IT-білім беруді ұйымдастырғалы отыр. Аталған бастаманың аясында елде 20 IT-орталық ашылмақ. Мұнда жыл сайын 35 мың адам дайындалып шығады деген болжам бар.
Одан бөлек, Өскемен қаласының политехникалық колледжі мен Семейдің электротехникалық колледжінде жұмыссыз азаматтарға IT-білім беріледі. Биыл Семейдегі колледжден жұмыссыз 180 адам оқып шыққан.