Өскемендегі №8 мектептің оқушыларын мектепке дайындады
Ерекше қамқорлық пен қолдауға мұқтаж оқушыларға мектепке керек-жарақтарын алып берді
Қалалық мәслихат депутаты Сергей Коротин жылдағы дәстүр бойынша№8 мектепке барып қайтты. Депутатты аталмыш мектептің оқушылары ғана емес, тәлім мен тәрбие, білім беретін аяулы ұстаздар қауымы да қуана күтеді.
Сергей Коротин мектептің ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Меценат өз кезегінде мектепке құр алақан ешқашан барған емес. Ол оқу ордасында білім алып жатқан бастауыш сыныптың бірқатар оқушыларына кеңсе тауарларын сыйға тартып, құшағына алды.
21 оқушы дәптер, бояулар, пластилин және тағы да басқа оқуға керекті барлық керекті заттар толтырылған оқушы сөмкесін сыйға алды. Сонымен қатар, бүлдіршіндерді дәмді-тәттілер де күтіп тұрды. Ерекше қолдауды сезген балалардың көңілі шат-шадыман. Олардың күлкісі, алғысы мен оқудағы жақсы нәтижелері – басты жетістік емес пе?!
- Жыл сайын біздің мектепке көмегін аямай, қолдауын білдіріп отыратын Сергей Викторовичке алғыс айтқым келеді. Енді біздің оқушылардың жақсы оқуы үшін керекті заттары бар, - деп №8 мектептің директоры Раиса Ескендірова ыстық лебізін білдірді.
Алдағы оқу жылына қарасты мектеп ішінде бірқатар өзгерістер де байқалады. Тарих кабинеті, асхана, хореография және спорт залы жаңартылып, жабдықталған екен. Сонымен қатар, жаңадан ашылған робототехника кабинеті де оқушыларды жаңа оқу жылында есігін айқара ашып күтуде.
Сондай-ақ, №8 мектепте аутизм белгісі бар балаларға арналған ресурстық орталық ашу жұмысы да қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде орталықтың дуалдары боялып, керекті жиһаздармен жабдықталған. Көп кешікпей барлық жұмыстар аяқталып, мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін де білім ордасының есігі ашылмақ.