ШҚО-да жатақханалар тексеріледі
Бір аптадан кейін оқу басталып, аймақтардан келген студенттер жатақхана ала бастайды. Бірақ түлектерге жатақхана жетпей жатқанда, оны өзге біреулерге жалға берген білім беру мекемелері бар көрінеді
Мұндай заңсыздық атаулыны анықтау үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен қоғам белсенділері жатақханаларды тағы бір тексеріп шықпақ. Өйткені агенттіктің арнайы мониторингтік тобы шілде айында Өскемен мен Семей қаласындағы жатақханаларды тексеріп, колледж жатақханаларында студенттер емес, бөгде адамдардың тұрып жатқанын анықтаған. Ал бұл уақытта студенттер қалада пәтер жалдап жүрген. Пәтерақы жатақхана ақысынан әлдеқайда қымбат екені белгілі.
Одан бөлек, мемлекеттік мекеменің баспасөз қызметі студенттерге жатақхана үлестіру, орналастыру жағдайын да бақылауда ұстайтындығын хабарлап отыр.
Қазір облыста 4 мың студентке жатақхана жетпейді, ал оларды толық жатар орынмен қамту үшін өңірде 9 жатақхана салу керек екен.
Егер жатақхананы студенттерге бөлу, беру кезінде қандай да бір астыртын әрекет, заңбұзушылық кездескен жағдайда, мына телефон нөміріне хабар беру керек: 76-51-17, 87786042151.