Өскеменнің әкімі жол жөндеу жұмыстарын күн суытқанға дейін бітіруге тапсырма берді
Кеше Өскеменнің жаңа әкімі Жақсылық Омар жөндеу жұмыстары жасалып жатқан нысандарды аралап қайтты
Жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мердігерлермен кездесіп, жұмыстың жай-жапсарымен танысты.
Жаңа әкімі тексерісін ең алдымен Протозанов пен Орджоникидзе көшелерінің жөнделу жағдайын көріп, оның халықтың қатынауына, жүріп-тұруына үлкен кедергі келтіріп жатқанын ескеріп, көше қыркүйекке дейін жөнделсін деп тапсырма берді.
Бұдан кейін Үлбі өзені бойындағы Крылов көпірін көріп, Астана көшесімен де танысты.
Одан кейін "Даниэль" сауда үйі алдында салынып жатқан жаяу жүргіншілер көпірін көріп, құрылыс жұмыстарының тым созылып кеткенін ескертті.
- Көбірек жұмысшы алу керек. Көпірді қазан айының басына дейін салып бітіріңдер, - деді қала басшысы мердігерлерге.
Одан бөлек, қала әкімі Меновное кенті мен Алматы тас жолы арасындағы жолдың да жөндеу жұмыстарын бақылауға алатынын әрі ЖМК ауданында төрт ойын алаңын және төрт спорт алаңын салуға уәде етті.