Елордалық әртістер Өскеменге келеді
Астананың мерейтойына орай елордалық әртістер төрт күнге Семей мен Өскеменге гастрольдік сапар жасап, сурет көрмесін ұйымдастырып, театр қойылымын қояды, халық және эстрада әндерін орындайды
Астаналық әртістер 17-18 шілде күндері Семейде өнер көрсетіп, 19 шілде күні Өскеменге келеді. Мұнда екі күн болмақ. Шығыс халқына ұсынар сыйы мол. Мәселен, 19-20 шілде күндері облыстық өнер мұражайында "Ақ тілекпен, Астана!" атты сурет көрмесін ұйымдастырады. Өмірбек Тілеулиев, Жанна Спунер сынды суретшілердің қазақ тарихынан сыр шертер туындылары, "Елім-ай" сериясы бойынша салынған суреттер қойылады.
Ал 19 шілде күні сағат 19.00-де облыстық драма театрда Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерлары Ұлықбек Есдәулетовтың танымал "Зере" драмасын сахналайды. Қойылымда Абайдың әжесі, Өскенбай бидің бәйбішесі Зеренің күллі қазақ әйелдерінің кемеңгер, дана бейнесіне айналар рухы биік образы сомдалады. Астаналық театр 20 шілде күні сағат 19.00-де М.Әуезовтің "Абай" трагедиясын сахналайды.
Сондай-ақ, 19 шілде күні сағат 19.00-де Ағайынды Абдуллиндер колледжінің сахнасында Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті өнер көрсетіп, дала сазын ұсынбақ.
20 шілде күні кешке сағат 19.00-де "Ертіс концерт" залында нағыз гала-концерт басталып, Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі, "Шалқыма" халық би ансамблі, эстрадалық би ансамблі, халық және эстрадалық вокал солистері өнер көрсетеді. Ал мерекенің көрігін қыздыратын қазақ эстрадасының жұлдыздары болмақ. Кеш қонақтары Клара Төленбаева, Күләйым Қайырбаева, Адам, Асқар Жайлаубаев, Бауыржан Исаев, Ринат Малцагов, Алмас Кішкенбаев, Di-ArtStyle триосы хит әндері мен күйлерін орындайды.