Шығыс Қазақстан оқушыларға нанотехнология оқыта бастамақ
Биылғы жылдың соңына дейін облыс аумағында 277 ІТ-сынып ашылмақ. Оның ішінде робототехника мен жаратылыс ғылымдарының кабинеттері де бар
Аймақ басшысы бұл жайлы дарынды балаларды марапаттау кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Халықаралық Балалар күніне орай облыс әкімі Даниал Ахметов "Нұр Отан" партиясының саяси бюро отырысында өңірдің дарынды балаларын шақырды. Балаларға тәтті-тағамдар ұсынылып, тосын сыйлар әзірленді.
Бейресми кездесу сәтінде аймақ басшысы оқушыларға өңірдің даму бағытымен, төртінші өндірістік революция жайлы сөз қозғады. Бұл тақырып оқушыларды қызықтырғаны сонша – олар өздерінің жетістіктері мен болашаққа қойған жоспарлары жайлы айта бастады.
Саяси бюро отырысында облыс аумағында 1000 тегін ІТ-сынып ашу туралы жоспар қойылды. Ал биыл оның үштен бір бөлігі ашылады.
- Балаларды бәсекеге қабілетті ұрпақ етіп тәрбиелеу үшін оларды жастайынан бағдарлама жасауға үйрету керектігін түсініп отырмыз. Бұл – Елбасымыз айтып жүрген болашақтың көрінісі. Биыл қыркүйек айынан бастап Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет жаппай робототехника кабинеттері ашыла бастайды. Бұл тек басы ғана, - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы жақын арада өңірде программистердің форумы өтетіндігін, бұған оқушылар да шақырылатындығын айтып өтті.