Шығыстың ардагерлеріне 500 мың теңге сыйақылар берілді
Шығыс Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне жарты миллион теңге тарту етілді
Бұл жолы облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласында Қабатай Қалдыбаев, Мария Яремчук, Георгий Коваленко, Степан Мишин, Зыяраннан Николай Станских, Глубокоеден Матвей Шикунов есімді ардагерлердің үйіне барып, жеке-жеке құттықтап шықты.
– Әр ардагер мен тыл еңбеккері – халқымыздың қазынасы, ұлттық мақтанышы, - деп атап өтті облыс әкімі. – Ұрпақ болашағы жолында танытқан қайсарлықтарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін.
Ардагерлерге 500 мың теңгелік сертификат пен құнды бағалы сыйлық алып барған аймақ басшысы әрбір жанға денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп қайтты.
Қазіргі уақытта облыста барлығы 240 соғысқа қатысқан майдангер қалған екен. Олардың барлығына биыл 500 мың теңгеден сыйақы берілді.