Аягөздің зардап шеккен тұрғындарына баспана берілді
Аягөзде судан зардап шеккен тұрғындарға тағы да баспана берілді
ШҚО әкімі баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін қарғын судан үйлері зардап шеккен тағы 13 отбасына салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді.
Бұған дейін 118 миллионнан астам теңгеге 28 отбасына тұрғын үй сатылып алынғаны хабарланған еді. Бүгін олардың қатары 13-ке толықты. Тағы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және «NFS Kazakhstan» ЖШС қолдауымен 2 жанұя баспаналы болды.
– Биыл көктем біздің өңір үшін оңай болған жоқ. Тасқыннан 2 қала, 5 аудан, 33 елді мекен зардап шекті, - деді салтанатты жиында сөз алған ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. – Қазіргі таңда тұрғындарды күнделікті тұрмыстарына қайтару үшін ШҚО-ның барлық күші жұмыла әрекет етуде. Комиссия жұмыс істеп жатыр, қаражат бөлінді. Облыс бойынша 23 құрылыс ұйымы жөндеу-қалпыну келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кету керек, осы уақытқа Аягөзде тағы 12 үй бақылау үстінде тұр, ал 15-інің жөндеу мерзімі иелерінің қалауымен кейінгі шегерілді.