Өскеменде тергеу бөлімінің бұрынғы басшысы сотталды
Қылмыстық істі тоқтату үшін тәртіп сақшысы күдіктіден бір миллион теңге сұраған
№2 Өскемен қалалық соты Үлбі полиция бөлімінде тергеу бөлімшесін уақытша басқарған полиция капитатына қатысты үкім шығарды. Ал ұсталған 32 жастағы полиция қызметкерінің бұл қызметке тағайындалғанына жарты жылдай ғана уақыт болған.
Полиция қызметкері күдікті әйелге жалған ақпарат бергендігі жайында қылмыстық іс аша отырып, оны тоқтату үшін одан ақша талап еткен. Егер басында қызметкер 200 доллар ақша сұраса, кейін "қызмет ақыны" бір миллион теңгеге дейін көтеріп жіберген. Ал күдікті әйел болса, бұл қызметкердің ісіне күмән келтіріп, жемқорлыққа қарсы күрес мекемесіне жүгінген.
Бір қызығы, полицейдің өзі қаржы қолма-қол алудан бас тартып, өзін жасырын ұстауға тырысқан. Ақшаны алып қайтуға туысын жіберген екен.
Сот қызметкерді алаяқтығы үшін айып тағып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол енді режімі қатал түзету мекемесінде жазасын өтейді. Дегенмен сотталушы апелляциялық сотқа шағымдануды ойлап отырған көрінеді.