Семей қаласы мен Бесқарағай ауданының су астында қалуына кім кінәлі?
Ертіс бассейндік инспекциясы облыс әкімі Даниал Ахметов алдында баяндама оқып, істеген ісін ақтай алмады
Инспекция өз қарамағындағы Шүлбі СЭС-не жиналған судың деңгейіне талдау жасап отырмаған. Ал бөгетке су толған сәтте, оны тұрғындарға ескертпей шлюзді ашып жіберген. Соның кесірінен Ертіске құйылатын судың мөлшері үш есеге артып кеткен. Семей қаласындағы Полковничий аралын су алып, 10 үй тасқынның астында қалған, 192 адам көшірілген.
- Неге екені белгісіз, соңғы үш күнде Ертіске құйылған судың мөлшері үш есе артып кеткен. Ал бөгеттегі суды жоспарлы түрде жіберіп отыру керек болатын. Есесіне, 27 наурыз күні секундына 1800 текше метр су жіберіле бастаған. Соның кесірінен, Семейдегі 10 үйді су алған. Бесқарағай ауданына су алу қаупін төндірген, - дейді облыс әкімі.
Ал Шүлбінің шлюзін ашуға Ертіс бассейндік инспекциясы рұқсат берген. Ал инспекцияның басшысы Қазымбек Баймағамбетов ұзақ жыл жасалған анализдің деректеріне сүйене отырып әрі бөгеттің қуаты көлемді суды ұстап тұра алмайтындығын алға тартып суды бірден бір күнде жібергенін түсіндіруге тырысты. Дегенмен облыс басшысы бұл уәжге келісе қоймады.