Шығыс Қазақстан әкімі аппаратаның жаңа басшысы тағайындалды
Даниал Ахметов облыс әкімі аппаратының жаңа басшысын таныстырды. Аймақ басшысының өкімімен бұл қызметке Ринат Мұратұлы Омаров тағайындалды
Ринат Омаров 1973 жылы 14 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы "Бухгалтерлік есеп және аудит" мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдады және Д. Қонаев атындағы гуманитарлық көлік және құқық университетінде "Электрэнергетикасы" мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі білігін алды. Ғылыми атағы - саясат ғылымдарының кандидаты.
2011 жылы "Ерен еңбегі үшін" медалімен, сондай-ақ, бірқатар мерейтойлық төсбелгілерімен марапатталды.
Еңбек жолын Алматы облысының статистика басқармасында бюджеттер статистика бөлімінде экономист болып бастады. 1999-2003 жылдар аралығында "Алматықалабезендіру" АҚ-ның Атырау, кейін Астана қаласындағы филиалдарының директоры болды. 2004 жылы "Алматықалабезендіру" ЖАҚ Вице-президенті лауазымына тағайындалды. Бірнеше жыл Алматы әкімдігінде, сонымен қатар Астана әкімі аппаратында қызмет етті. "Астана - Энергия" АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін Алматы қаласында "Азия энергетика компаниясы - АЭК" ЖШС дамыту жөніндегі директоры міндетін атқарды. 2016 жылдың шілдесінде ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. 2017 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Аппараттың жаңа жетекшісін таныстырған облыс әкімі Даниал Ахметов оның кәсіби шеберлігі мен мол тәжірибесін атап өтті.
- Аппарат қызметі тікелей адами капиталмен байланысты. Қызметкерлердің жауапкершілік деңгейін көтеруді тапсырамын. Сонда ғана атқарушы билік жұмысының тиімділігі байқалатын болады, - деді Даниал Ахметов.