Жаңа Салық кодексінің жеңілдіктері қандай?
Автокөлік ұрланса, оның мемлекеттік баж салығын көлік иесі төлемейді. Көлікке мемлекеттік нөмір аларда тек бір рет қана салық төленеді
Ал сүт пен ет өткізуші шаруалар салық төлемейді әрі пәтерді жалға берушілердің салығы екі есеге азайды.
Елімізде 1 қаңтардан бастап Жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілген болатын. Ал Өскемен қаласына келген ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мамандары Салық кодексіне енгізілген өзгерістер жайында баяндады. Мұнда кәсіпкерлермен қатар қарапайым тұрғындар үшін де оңды өзгерістер орын алған. Соның бірнешеуіне тоқталып өтейік.
Ең алдымен, тұрғындар көлігін ұрлатып алса да, оған жыл сайын көлік салығын төлеп отыруы қажет болатын. Ал жаңа кодексте бұл талап алынып тасталған. Яғни, көліктің иесі оны тіркеуден алсын не алмасын, мемлекеттік баж салығын төлемейтін болады.
Одан бөлек, көліктің мемлекеттік нөмірін жоғалтып алған азаматтар да оны қайта жасатар алдында екінші рет салық төлемейтін болады. Бұған дейін көлік нөмірін екінші рет жасатқан азамат 2,8 АЕК есебінде баж төлейтін еді. Енді төлемейді.
Бүкіл тұрғындар үшін тағы бір маңызды жаңалық. Енді жер мен үйге салынатын салық жылдың басында емес, аяғында алынатын болады.
- Қазір тұрғындарға мүліктік салықты төлеу туралы ескертпе келіп жатқан жоқ, өйткені тұрғындар 2017 жылғы салықты 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлей алады. Егер пәтер мен үйді сатсаңыз, онда мүліктік салықты үйдің жаңа иесімен бөліп төлеуіңізге болады, - дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.
Егер жетім баланы асырап алған ата-ананың жылдық табысы 2 млн теңгеден аспаса, ол кіріс салығын төлеуден босатылады. Сонымен қатар, үйде мүгедек баланы асырап отырған ата-ананың біреуіне жер салығы, тіркеу салығы мен мемлекеттік баж салығын төлеуде жеңілдік беріледі. Қазақстанда мұндай 76 мың отбасы бар.
Жаңа кодекс азамат пен банк арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етпек. Яғни, бұған дейін несиесін төлей алмаған азаматтардың қарызын банк кешірсе, оның 10 пайызын жеке табыс салығы түрінде мемлекетке төлейтін еді. Ендігі кезекте банктер бұл салықтан босатылып отыр.
Кейде ұялы телефон операторлары абоненттеріне бонус жасап теңгерімінде қалған қаржыны пайдалана отырып, зат сатып алуға не төлем жасауға мүмкіндік беретін еді. Әрі бұдан да мемлекеттік салық алынатын.
- Жаңа салық кодексінде бұл салық түрі алынып тасталды. Өйткені ұялы телефон операторлары абонеттеріне жеңілдік жасауды сиретті, - дейді вице-министр.
Ауылдағы шаруаларға жағымды жаңалық. Егер жеке шаруа қожалықтардың жылдық табысы 700 мың теңгеден аспаса, ол кіріс салығын төлемейді. Одан өзге, ет пен сүтті фермалар мен ауылшаруашылық кооперативтеріне өткізетін жандар да салық төлемейтін болды.
- Металл сынығын жинаумен айналысатын кәсіпкерлерге салынатын кіріс салығы 10 пайыздан 1,5 пайызға азайтылды. Бұл металл жинауды заңды кәсіпке айналдыратындардың қатарын көбейтуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз, - деді вице-министр.
Сонымен қатар, патент алып, жеке кәсіп ашқан жандар табысының 2 пайызын емес, тек 1 пайызын ғана мемлекетке төлейтін болады. Бұл, әсіресе, пәтерді заңсыз жалға беріп жүргендерді азайту мен оларды кәсіптерін заңға сай жүргізуге шақыру үшін жасалып отыр.
Министрліктің айтуынша, жаңа Салық кодексінің идеологиясы тұтастай өзгерген. Яғни, кодексте кезіккен түсініксіз бап пен қателік салық төлеушінің пайдасына шешілмек. Ал бұған дейін салық төлеуші мен салық органдары арасында дау-дамай туа қалса, ең алдымен, үкіметтік ұйымның қойған талабы басшылыққа алынатын еді. Кей уақытта, салықтың заңсыз жиналуына да себепші болатын. Елде салық төлейтіндердің көбі - адал кәсіпкерлер. Олар салықты төлемеген болса, бұл тікелей кәсіпкерлердің қателігі емес. Өйткені кәсіпкерлердің көбі салық нормаларын жетік білмейді. Соның кесірінен салық атаулыны уақытылы төлемеуі мүмкін. Осыны ескерген үкімет түсініспеушілік туған сәтте бірінші кезекте кәсіпкердің құқығын қорғамақ.