Шығыс өңірінде зертхана ашылады
Облыста Қытай еліне тауар сатуға рұқсат пен куәлік беретін зертхана құрылуда. Зертхана салынып біткен соң, облыс басшылығының иелігіне берілмек
Қытайда тауар дайындаудың тек осы елге ғана тән өзіндік үлгісі бар. Әрі бұл Еуропа елдерінің азық-түлік дайындау стандартына ұқсамайды. Ал облыста салынып жатқан зертхана өңірде ет, сүт, күнбағыс өңдеумен айналысатын шаруаларға тауар дайындаудың үлгісін жасап бермек. Өнім дайындауға куәлік алған өндіріс иелері Қытайға тауар экспорттауды бастамақ.
- Біз былтырдан бастап зертхана салу жұмысын қолға алдық. Қытай үкіметі аймақта зертхана салуға рұқсат берді. Әріптестеріміз құны 1 млрд теңге тұратын зертхананы біздің қолданысқа тегін бергелі отыр. Жылдың басында Қытай мамандары келіп, зертхана орналастырылғалы отырған ғимаратты көріп шықты. Ендігі кезекте ғимаратты дереу арада көрші елдің талаптарына сай жөндей отырып, өнімдерді тексеретін зертхананы биыл ашуымыз қажет, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы Жолдауын талқылауға жиналған жиында.
Аймақ басшысының ойынша, зертхана - Қытай нарығының кілті. Өйткені Қытай елі - ауылшаруашылық өнімдерін тұтынатын алып мемлекет, оның түбі мен шеті жоқ. Оны игерер болсақ, онда Шығыс халқы шетінен байымақ.
- Ұйғыр автономиялық ауданында, кем дегенде, 26 млн халық тұрады. Қытай өндірісі қарқынды дамып келеді. Өндірістің дамуымен қатар тұтыну талғамы да өсіп, табиғи азық-түлікті пайдалануға жіті көңіл бөлуде. Қытайға қажетті азық-түліктің барлығы біздің елде өсіріліп, өңделеді. Ал оны көрші елдің нарығына шығару үшін Қытай үкіметі қойған талаптарға сай тауар дайындау қажет. Оған салынып жатқан зертхана мүмкіндік береді, - дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімі көрші мемлекеттің тауар қабылдауда қоятын талабының зор екендігін әрі алдағы уақытта ол нарыққа өнім сата бастаған соң, сұраныстың күрт өсіп кетуі мүмкін екендігін ескерте отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өсірудің технологиясын, тұқымы мен тәсілін жетілдіруге көңіл бөлу қажеттігін айтты.
- Диқандар бидай мен күнбағыстың жаңа заманауи тұқымын өсіруге мән беруі тиіс. Қазір шаруаларымыз "Омбы-19", "Омбы-21", "Саратов" сынды бидай тұқымын өсірумен айналысып келеді. Ал бұл тұқымдардың сұрыпталып алынғанына елу жылдан астам уақыт болған, - дейді Даниал Ахметов.
Көрші елдің өндірістік деңгейі өскен сайын, халқының да талғамы жетіле түспек. Тұтыну мәдениеті жоғарыламақ. Ал Қытай нарығына енген өнім оның талабына сай, талғамына орай сапалы болуы тиіс.