Кәсіпорындар жұмыс істемей тұр
Облыста қоқыс өңдейтін 21 кәсіпорын бар. Оның 6-уы жиналған тұрмыстық қалдықтарды Алматы мен Шымкент қалаларына, Ресей мен Қытайға сатумен айналысады
Облыста қоқыс өңдейтін 21 кәсіпорын бар. Алайда оның тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Тағы алтауы жиналған тұрмыстық қалдықтарды Алматы мен Шымкент қалаларына, Ресей мен Қытайға сатумен айналысады.
Мұны облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк айтып отыр.
- Жиырма бір кәсіпорынның тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Алтауы жиналған қоқысты сатумен айналысса, қалған кәсіпорындардың жабдықтары бола тұра, неге екені белгісіз, қаңырап бос жатыр, - дейді Владимир Головатюк.
Бұл кәсіпорындар пластик, пластмасса сынды қатты заттарды өңдейді. Төрағаның ойынша, кәсіпорындарға шикізат жетіспей отыр, сондықтан олар жұмысын тоқтатып тастаған. Сол себепті аталған шикізат түрлерін жинап тапсыру қажет. Ол үшін аулаларға қоқыстарды сұрыптап салатын контейнерлер қойыла бастаған. Елдің экологиялық кодексінде он екі қоқыс түрін күресінге тастамауға тыйым салынған. Бір жылдан кейін тағы да қоқыстың бес түрін топыраққа көмбеу туралы тыйым салынбақ. Сондықтан мұндай қоқыстарды арнайы түрде жинағаннан басқа шара жоқ. Қазіргі уақытта Өскемендегі аялдамалардың маңына қағаз, пластик, шыны қалдықтарды бөліп салатын түрлі-түсті ыдыстар орналастырыла бастады.
- Халықтың қоқысты бөліп салуға қаншалықты құлықты екендігін тексеріп көрмек болып, Өскемен қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы бойындағы аулалардың біріне арнайы контейнерлер орнаттық. Алайда тұрғындар қоқысты реттемей, шашып тастаған. Сондықтан халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, жұртты арнайы ыдыстарға қоқыс тастауға үйрету керек, - дейді Владимир Головатюк.
Төраға арнайы контейнерлер қойыла бастағандықтан «Өскемен-Тәртіп» кәсіпорны жұмысшыларының қарауылға қойылып, тұрғындарға қоқыс тастуды үйрететіндігін жеткізді. Сонымен қатар, қағазды көп пайдаланатын мемлекеттік мекемелерге де жабдықтар орналастырылып, жиналған қағаздар қоқыс өңдеуші кәсіпорындарға жеткізілмек.
Экологиялық жұмыс тобы қалдық пен қоқыс өңдеуші кәсіпорындардың не үшін жұмыс жасамай тұрғандығын анықтайтын болады.