Өскемен жүргізушілеріне айыппұл салған полиция қызметкерлері жазаланады
Облыс орталығының әкімі Қуат Тұмабаев қалалық ІІБ басшысына ерекше өтініш айтты
Автобус аялдамасында тоңып тұрған адамдарды алып кетуге тоқтаған жүргізушілерге айыппұл салған тәртіп сақшылары жазаланады.
Әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізген қала әкімшілігі негізгі аялдамаларды вахтаға айналдырған полиция қызметкерлеріне деген шағымның көп екенін анықтаған. Автосүйер қауым аялдамада «қатып тұрған» адамдарды алып кету үшін тоқтаған кезде, «жол сақшылары» оларға бірден айыппұл салатын көрінеді. Қала тұрғындары мұндай аязда тек адамгершіліктің көмегімен жан сақтауға болатынын айтып, қала билігіне бұл жағдайды ескеру керектігін айтты.
- Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев қалалық ІІБ басшысымен байланысып, тұрғындардың шағымын ескеруді сұрады, - дейді қалалық әкімдікте. - Полиция басшысы Дәуір Ибраев аталған фактілердің тексеріліп, адамдарды үйіне жеткізем деген жүргізушілерге айыппұл салынғаны анықталса, полицияның жазаланатынын жеткізді.