Қыста не үшін құстарды тамақтандыру қажет?
Орнитолог мамандар Өскемен қаласында биыл торғай мен көгершіндердің көбейгенін айтып отыр
Сары шымшық, шекілдек торғай, шетен сайрауығы сынды құстар біздің өлкеге жыл сайын келе бермейді. Ал биыл қыс қатты. Сондықтан тұрғындар құстарға да аздап көңіл бөлсе, құба-құп. Ал мамандар құстарды нан, дән, етпен тамақтандыру қажет дейді.
- Құстарды міндетті түрде тамақтандыру қажет. Өйткені далада аяз. Мәселен, үйректер аязда ұша алмайды. Өйткені суықта ұшу үшін мол қуат керек. Күзде денесіне жинаған майды қыста энергияға жұмсайды. Содан біртіндеп ариды. Суықта тоңады, қанаттары қатып қалады. 2010 жылы аяздың кесірінен қалаға келіп «қоныстанған» үйректердің 20 пайызы қырылып қалған, - дейді орнитолог Сергей Стариков.
Мамандар сарышымшық, боз шымшық, торғай сынды ұсақ құстарды қоректендіріп отыру қажет екендігін жеткізді.
- Талға ет, нан іліп қоюға болады. Дән себетін орын дайындап, оған да тағам-тамақ қойып қойған жөн, - дейді Сергей Стариков.