Павлодар белсенділері аязда қалған тұрғындарды тегін тасуда
80-нен астам жүргізуші «Мейірімді Павлодар» акциясына қатысқан
Идея авторы – Павлодар облыстық «Жастар» орталығының директоры Саят Жүсіпов.
- Біз барлығымыз бір жерге жиналып, таңғы алтыда «жорыққа» шығамыз деп шештік. Өйткені тұрғындар алтыдан бастап жұмысқа қарай ағыла бастайды. Қаланың шеттегі шағын аудандарына шығып, адамдарды тасимыз. Әрине, барлығын тасу мүмкін емес. Дегенмен, басым бөлігін үйіне не жұмысына дейін жеткізіп саламыз деп ойлаймын, - дейді Саят Жүсіпов.
Акцияға мекеме қызметкерлерімен қатар, автоклуб, полиция қызметінің, «Жасыл ел», «Жастар Конгресі», т.б. ұйымдардың мүшелері атсалықан.
Акция 26 қаңтарға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Өскемен қаласында да осыған ұқсас «Жастар» ресурстық орталығы бастаған акция ұйымдастырылуда. Халық көп жиналған әрі шалғайда орналасқан аялдамаларға топ болып барған жастар тоңып қалған тұрғындарға ыстық шәй мен бауырсақ беріп, көңілдерін аулауда. Ал Халифа Алтай мешітінің жастары көліктеріне «Имам такси» белгісін қойып, Өзен вокзалы мен Ахмер кенті, Облыстық мешіт пен ЖМК ауданы, Орталық базар мен Аблакет ауданы арасында тегін қызмет көрсетіп жатыр. Акцияға қолдау танытқан «Фреш Маркет» сауда орталығы жастарға азық-түлік таратып, ыстық тағам дайындауына қол ұшын созған.
Акция аяз қайтқанға дейін созылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық танытқан жастардың саны күн сайын көбейіп келеді.