Азаматтық некедегі әйелін өлімші етіп сабаған
30 жастағы Луговой ауылының тұрғыны ішіп келіп, азаматтық некедегі әйелін сабап, өлтіріп алған
Бұл оқыс оқиға Шемонаиха ауданында 2 қаңтар күні орын алған.
28 жастағы келіншектің сау тамтығы қалмаған денесін көршілері тауып алып, полиция қызметін шақыртқан. Тәртіп сақшылары пәтердің қаза тапқан келіншекке тиесілі екенін және өзінің азаматтық некедегі күйеуімен тұрып жатқанын анықтаған.
Күдікті бірден қолға түсіп, ол өз кінәсін толықтай мойындады. Анықталғандай, ішімдік ішіп алған азамат өз әйелін тепкілей бастаған. Қатты соққылардан келіншек тіл тартпай кеткен. Расталмаған деректер бойынша бұл жұптың алты айлық баласы бар көрінеді.
- Қазіргі таңда күдікті уақытша қамау изоляторына тоғытылды, - деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметі. - ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Өз күшін есептей алмаған ер азамат енді сегіз жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Следующая →