Өскеменде Тұңғыш Президент күні аталып өтеді
1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтіледі. Осыған орай, облыс орталығында бірқатар әлеуметтік, концерттік шаралар ұйымдастыру жоспарлануда
30 қараша күні таңғы сағат 9.00 шамасында Ахмер ауылының №27943 әскери бөлімінде әскери қызметкерлер Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты сапқа тұрады. Бұдан кейін сағат 10.00-де Арматура зауыты ауданындағы Машиностроитель көшесі, 14 мекенжайында 140 орындық «Дарья» балабақшасы салтанатты түрде ашылады. Түс ауа, сағат 11.00 шамасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында әскери қызметкерлерді марапаттау, концерттік бағдарлама шаралары ұйымдастырылса, осы уақыт аралығында Өскемен қаласының әуежайында 200 адамды өткізе алатын заманауи ұшып келу терминалы ашылады.
Ал сағат 15.00-де облыстық дарама театрында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтеді.
1 желтоқсан күні сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының №1, №2 корпустарында (Қасым Қайсенов көшесі, 67 және Максим Горький көшесі, 59 мекенжайларында) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған Ашық есік күні өтеді.
Сол сияқты, сағат 10.30-16.00 аралығында бұрынғы Достық үйі мекемесінде Өскемен қаласының декоративті-қолөнер шеберлерінің жәрмеңке-көрмесі ұйымдастырылады.
Сағат 11.00-де Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде қалалық чемпионат өтсе, сағат 12.00-де Шығыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында «Елбасы және ұлы дала елі» портрет кеші өтеді.