ШҚО-да алаяқ өзін Бас прокурордың қызметкері деп таныстырған
Катонқарағай ауданының тұрғыны ұлын өлтірген қылмыскерді жазалау үшін прокурорға 260 мың теңге беріп, кейін тағы да 700 мың теңге ақша бермек болған
Ал ол прокурор емес, алаяқ болып шыққан. Ұлынан айырылып қайғыдан қан жұтып отырған ананың қасіретін дәл таныған алаяқ өзін Бас прокуратураның қызметкері әлі қайтыс болған жігіттің досы деп таныстырған. Кейін әйел тұрғыннан істі шешу үшін 260 мың теңге сұрап алған.
Алайда шынайы қылмыскерді жазалау үшін тағы да 700 мың теңге қажет екенін айтқан.
Ананың қолында мұндай көлемдегі ақша болмаса да, қолында бар қаржының барлығын алаяққа ойланбастан бере салған. Алайда кейін есін жиып, полиция бөлімшесіне келіп арызданған.
Алаяқ дер кезінде ұсталды.
№2 Катонқарағай аудандық сотының деректеріне сүйенсек, сот залында күдікті істеген ісіне өкініп, кешірім сұраған. Кінәні толық мойындаған. Сот оған бір жыл бас бостандығынан айыру жөнінде шешім шығарған.