Үлбі зауытындағы Уран банкі әлі бос тұр ма?
Үлбі металлургиялық зауыт басшысы күзде ашылған аз байытылған Уран банкінің әлі бос тұрғанын хабарлады.
Бүгін ШҚО Қоғамдық кеңесі отырысында осыдан екі жарым ай бұрын Н.Назарбаевтың өзі келіп ашқан аз байытылған Уран банкі туралы тақырып қозғалды. Өйткені банк қоймасы ашылғаннан бері зауыт басшылығынан ешқандай хабар болмаған.
- Банк қоймасы салынды, оны халықаралық комиссия қабылдап алды. Алайда қазір қойма бос тұр. Уран отыны әлі сатып алынған жоқ. Ал сатып алынғаннан кейін, ол 2020 жылға дейін жеткізіледі, - дейді «ҮМЗ» ЖШС өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі директордың орынбасары Дмитрий Слободин.
Айта кету керек, Үлбі металлургиялық зауыт базасында ашылған аз байытылған Уран банкі әлемде жалғыз ғана. Бұл қоймада 90 тонна уран отынын сақтауға болады.