Көкпекті ауданында ауыз су тапшы
Көкпекті ауданында тығыз шешімді талап ететін бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда жергілікті мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесі ақсап тұр
Айта кету керек, мұндай мәселелер Тарбағатай, Жарма, Аягөз аудандарында да жоқ емес.
Бүгінгі таңда Көкпекті ауданының бұл өмір көзімен қамтылу деңгейі небары 21 пайызды құрайды.
- Бұл көрсеткіш облыстағы ең төмен деңгейлердің бірінде, - дейді аудан әкімі Рамиль Сағындықов. - Бүгінгі таңда 11 ауылды жер асты суларымен қамтамасыз ету бекітілген. Оларға Үлгілі малшы, Преображенко, Көкжайық, Белое, Көкжыра, Үлкен Бөкен, Миралюбовка, Лениногорка, Казнаковка, Құлынжон және тағы басқа да жергілікті мекендер кіреді. Бүгінгі таңда бұл ауылдарды сумен қамту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындау көзделген. Белое, Құлынжон, Көкжайық ауылдарына су желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға конкурс жарияланған. Келесі жылы Үлкен Бөкен, Преображенко, Ажа, Көкжыра және Көкжота ауылдарында су желілері құрылысына жобалық-сметалық құжаттамаға бюджеттен қаражат көзделген.
Қазіргі таңда Теректі, Бастаушы ауылдарында сумен қамту жұмыстары бойынша конкурс жарияланған. Ал Көкпекті мен Самар ауылдарында қайта құру жұмыстары көзделіп отыр. Төрт жобаның құны 3,5 миллиард теңгені құрайды.