Өскемендік полицей ақша бопсалағаны үшін ұсталды
Полиция офисері бұзықтық жасады деп жалған айып тағылған адамнан қылмыстық істі жабу үшін 75 мың теңге ақша талап еткен.
Сенбі күні Лихаров көшесінің тұрғыны полиция бөлімшесіне хабарласып, белгісіз біреудің көшедегі шлагбаумды тепкілеп, жұрттың мазасын қашырғанын айтқан.
Ал аталған жерге бас сұққан полицейлер бұл «бұзықты» ұстағанымен, шлагбаумның сынбағанын әрі зардап шегушілердің жоқ екенін ескере отырып, оны босатып жіберуі тиіс болатын. Алайда жедел іздестіру тобының басшысы бұған қатысты қылмыстық істің ашылатындығын айтып, күдіктіден істі жабу үшін 150 мың теңге ақша талап еткен. Онымен қоймай, бұл істі 75 мың теңгеге де тындыра алатындығын жеткізіп, жеңілдетілген «қызмет» ұсынған.
Ал ер адам болса, ақшаны екі күн іздеп, тауып берген. Алайда кейін жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне хабарласып, мән-жайды түсіндірген. Кейін ведомства қызметкерлері полицейдің ақша алып жатқан жерінен ұстаған.
№2 Өскемен қалалық соты тәртіп сақшысын бір жыл бас бостандығынан айыру әрі өмір бойы мемлекеттік қызметке алынбау жөнінде шешім шығарған.