ШҚО тұрғындары билік органдарына смартфон арқылы шағымдана алады
Облыста «Азаматтарға арналған "Qamqor" атты мобильді қосымшасы іске қосылды.
Аталмыш смартфон бағдарламасы арқылы облыс тұрғындары жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарына арыз-шағымдарын жеткізе алады.
Хатқа фото және видеоматериалды қатар жүктеуге болады. Арызданушы тұлға анонимді хат жіберсе де болады.
- Тұрғындар мемлекеттік органдарға шағым жіберу үшін қағазға өтініш жазып, конверт сатып алып, пошта қызметіне төлеп, уақыты мен қаржысын шығындайды, - дейді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика мен арнайы есеп жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әбу-Әли Саттар. - Ал Азаматтарға арналған "Qamqor" қосымшасын пайдаланушы тұлға заңбұзушылықты көрген сәтте-ақ оны суретке не бейнетаспаға түсіріп, қысқаша сипаттама жазып бізге бірден жолдай алады.
Мобильді қосымшаны тегін жүктеуге болады. Google Play және App Store желісінде орналасқан.