Өскеменде қаңғыбас иттер көбейген
Қала тұрғындары арасында Уатсапп желісі арқылы қаңғыбас иттердің атылып жатқандығын хабарлаған жазбалар тарап жатыр.
Тұрғындар көшеде ит атушылардың жүргендігін айтып, жануарларды үйде ұстауын өтінген. Алайда «Өскемен мал дәрігерлік қызметі» бұл ақпаратты жоққа шығарды.
- Қазіргі уақытта қаңғыбас иттерді жаппай атумен айналысып жатқан жоқпыз. Тек тұрғындар айтқан хабарлама бойынша ғана барып, кейбір аудандарда ату жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, Мирный кентінің тұрғындары көшеде қаңғыбас иттердің қаптап жүргенін айтып, кейбірі тұрғындарға шабуыл жасағанын да хабарлады, - дейді мекеме директорының міндетін атқарушы Бақыт Қайсенова.
Дегенмен, қалада қаңғыбас иттердің қаптап кеткенін жоққа шығармайды. Өйткені тұрғындардың көбі саяжайларын тастап, қаладағы үйлеріне орналаса бастады. Ал асыраған иттері далада қалған. Мәселен, Красина кентінде қаңғыбас иттер қаптап кеткен.