Өскеменде екі автобус соқтығысып қалды, зардап шегушілер бар
Қала маршруты мен Астанаға қатынайтын автобус №1 Қалалық аурухананың алдындағы бұрылыста соғысып қалған.
№43 қалалық маршрут пен Өскемен-Астана бағытында қатынайтын жолаушылар автобусы бір-бірімен соқтығысып қалған. Соның кесірінен Абай даңғылы мен Ворошилов көшесі бойында жол кептелісі пайда болған.
- Біздің №43 маршрут Абай даңғылымен Казцинк кәсіпорнына қарай жүріп, бағдаршамның жасыл жарығын пайдалана отырып тіке қозғалған. Ал рейстік автобустың жүргізушісі «қызыл» жанып тұрса да, лезде өтіп үлгеремін деп Ворошилов көшесіне қарай бұрылған. Оған вокзалға бару керек болған. Ол өтіп үлгермей қалды, ал №43 оның бүйіріне келіп соғылды, - дейді №43 маршруттың басшысы Николай Хохлов.
Оның үстіне, соғылған автобустардың бірі жаяу жүргіншілер белгісін сындырып кеткен.
Николай Хокловтың сөзіне қарағанда, маршрутта отырған бес адам зардап шеккен. Оның екеуі басынан қатты соққы алып, ауруханаға түскен.