Семейде бөтен біреулерге несие рәсімдеген алаяқтар ұсталды
Жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа орналастырып береміз деп уәде еткен екі алаяқ олардың төлқұжатын алып несие рәсімдеген.
Қос алаяқтың арбауына алпыс шақты азамат арандап қалған. Жарты жыл бойы елді алдап келген екі күдікті 1,5 млн теңгеге жуық соманы несиеге алып, қолды қылған.
Алаяқтар қаладағы ірі компаниялардың біріне жұмысқа орналастырып беремін, ол үшін өтінімді толтыруға төлқұжаттың қажет екендігін айтқан. Ойында арамдығы жоқ адамдар төлқұжатын бере салған. Ал бұлар бөтен біреудің төлқұжаты арқылы онлайн несие рәсімдеп, ақшасын өздеріне алып отырған.
ШҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қос азаматқа қатысты соталды тергеу амалдары басталған. «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталып отыр.