Өскемен
пасмурно
+16°
  • Өскемен
    +16°
  • Алматы
    +14°
  • Астана
    +16°
  • Ақтөбе
    +22°
  • Актау
    +20°
  • Орал
    +19°
  • Қарағанды
    +18°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +13°
  • Қызылорда
    +21°
  • Павлодар
    +13°
  • Петропавловск
    +8°
  • Тараз
    +14°
  • Туркестан
    +15°
  • Шымкент
    +16°
$
441.44
-1.91
473.09
-2.45
¥
60.96
-0.22
4.75
-0.07
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Қаратай батырдың ұрпағына бейіт орнатты

Қатонқарағай ауданы, Аққайнар ауылында Қаратай батырдың ұрпағы Қазанғап Едігеұлына арнап бейіт тұрғызылды. Қазанғап ақсақал батыр да ақын, өз ортасында сыйлы, ауқатты әулие адам болған

Қатонқарағай ауданы, Аққайнар ауылында Қаратай батырдың ұрпағы Қазанғап Едігеұлына арнап бейіт тұрғызылды. Қазанғап ақсақал батыр да ақын, өз ортасында сыйлы, ауқатты әулие адам болған.

Қазанғап әулиенің ұрпақтары Аққайнар мен Аршаты ауылдарында тұрады. Ауыл азаматтары батыр бабаларының рухын дәріптеп, ардақты атаның басына кірпіш орнатуды перзенттік парызға балап, үлкен мазар салып, ас берді. Абыз жанның рухына бағыштап Құран оқыды.

Аршаты ұрпақтары Қазанғап ақсақалдың есімін есте ұстаса да, оның өмірі жайлы тарихи деректер таба алмаған. Дегенмен, Қазанғаптың найман саржомарттан тарайтын көкжарлы Қаратай батырдың Дәулет есімді ұлынан тарайтындығы елге белгілі. Қазанғап ақсақалдың батырлығы қанына дарып, сүйегіне біткен.

- Қазанғаптың әкесі Едіге – батыр болған. 1754 жылы қалмақтармен болған Маңырақ шайқасындағы жекпе-жекте жер жастанған. Соған қарағанда, Қазанғап 1800-ші жылдары өмір сүрген. Әзірше, бізге белгілісі - жауынгер рухты, батыр тұлғалы бабаның өмірде өте ауқатты адам болғаны. Төрт түлік мал ұстап, егінмен айналысқан. Кезінде Шу, қазір Аққайнар аталатын елді мекенді қыста қыстап, жазда қазақ жерін жаудан қорғау үшін ойратпен шекарадағы жайлауда қоныстанатын болған, - дейді Катонқарағай аудандық «Арай» газетінің тілшісі Жәнібек Қызыр.

Қазақ топырағын жат көзден сақтау үшін ойраттармен де, ақ патша қоныс аудартқан, Катонға қарай өрлеп келген переселендермен де күрескен. Бұқтырма жағалауындағы Аққайнар ауылында ту тігіп, қоныс тепкен. Шекаралы аймақта Аршаты елді мекенінде көз жұмған. Переселендер Шу өзенінің бойын жайлап, бұл ауылға Черновая деп ат қойған. Аққайнар атауы тәуелсіздік алған жылдары қайтарылған.
Халық ішінде Қазанғап Едігеұлының Қатонқарағайды жайлаған қалың қаратай еліне танымал ақын әрі әулие, киелі адам болғандығы айтылады. Келешекті болжап дуалы сөз айтқан, тамыр басып тіл қатқан қасиеті ел жадында қалған. Сондықтан абыз жанның артынан еріп, өнегесін пір тұтқандар көп болған. Қазанғап жайлы нақты деректер болмағанымен, халық ақындарының жырларында есімі кездеседі. Мәселен, қаратай еліне белгілі Мақажан ақын өзінің жырында Қазанғап ақсақалдың бақуатты адам болғанын әрі артынан бес бала қалғанын тілге тиек етіп:

Кісі емес еді дүниеде
Тот басып жерде жатпаған.
Дәулеттің бірі – Қазанғап,
Мүдірмей сөйле тіл мен жақ.
Немересіне олардың
Атасынан қонған бақ.
Ұрпағы қажы бай болды,
Меккеге барған Мүсіреп,
Сәттібайұлы Ыбырай
Жасынан ханға білінген.
Інісі Жүніс мал ұстап,
Ғибраттан ілімнен.., - деп еске алады. 

Тарихи деректер бойынша 1906 жылы Қазанғаптың немересі Сәттібайдың ұлы Ибраим Думаға депутаттыққа сайланады. Ибраим орыс, татар тілдерін жетік меңгерген. Қазан университетін бітірген сауатты азамат болған. Қазақ арасынан шыққан Думаның алғашқы депутатының бірі Ибраим Сәттібайұлы Қазанғаптың ұрпағынан тарайды.   

Қазанғап өмірінің соңында ту тігіп, ауқат жиған ордасы Шудың бойында бейіт орнатуды туған-туыстарына өсиет етіп қалдырған екен. Әулиенің өсиетін жерге тастамай, Қаратай ұрпақтары Қазанғап Едігеұлының сүйегін Шуға жерлеп, тас кірпіштен жылқының қылы қосылып иленген балшықпен үлкен бейіт тұрғызған. Қазақ қашанда әулие адамның аруағын сыйлаған. Мазардың басына құран оқып, дұға бағыштауға зиярат етіп келген мұсылмандардың қарасы көп болған соң, Шуға қоныстанған переселендер бейіттің ішін өртеп, сыртын жермен жексен еткен.

Сөйтіп, әулие ақынның бейіті екі ғасыр бойы қаңырап бос жатқан. Алайда, халық киелі орынды баспай, қадір тұтқан. Көнекөз кариялардың жебеуімен Қаратайдан тараған Дәулет ұрпақтары бұл бұзылып жатқан бейіттің Қазанғап бабаларының ескерткіші екендігін кейін білген. Аққайнар мен Аршаты жерінде орналасқан Дәулет елінің енші бөлінбеген ұрпақтары биыл баба бейітін қалпына келтірді.
- Бұрынғы мазардың орнына ені 9 метр, ұзындығы 12 метр болатын үлкен зират салынды, - дейді Жәнібек Қызыр.

Аққайнар ауылының 1969 жылғы тумалары бас қосып, қаржы жинап баба мазарын қайта салуға ниет қылған. Мазардың құрылыс жұмыстары былтыр жазда басталған. Құрылыс күз бен қыста тоқтап тұрған. Ал жазға салым құрылыс жұмыстары қайта жанданған.
Баба бейітін қалпына келтіруге демеушілік жасап, басы-қасында болған Райхан, Досжан, Қайырғали, Нұржан, Нұрлан, Тимур, Базатай, Дәулетхан, Уәлхан, Мейрам сынды құрбы-құрдастар мен Аққайнар ауылының имамы Опан молданың үлесі зор болған. Сонымен қатар, Қазанғап ақсақалдың өмір деректерін іздестіруге күш салған, бейіт салу жұмыстарын бастауға атсалысқан Аққайнар ауылдық округінің әкімі Серікхан Құрманов пен Керім Сәрсенбаев сынды азаматтардың еңбегін айтпасқа болмас. Әсіресе, ісі ер азаматқа бергісіз, өз елінің патриоты Лейла Исмаиловаға бүкіл жұртшылық риза болған. Ал мазардың қоршауын тұрғызуға Шоқан есімді ауыл тұрғыны қолғабыс еткен.
Следующая →