Облыс орталығының тұрғыны балдызынан 1 млн 400 мың теңге жымқырып кеткен
Зардап шегуші 100 мың теңгесін қайтарып аламын деп, балдызының арқасында 14 есеген үлкен қарызға кірген
«Жанұялық» іс Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Ақшаға кенелемін деген алаяқ, туысқанын белшеден қарызға батырып, көк мұзға отырғызып кеткен.
Балдызының өз көлігін 1,5 млн теңгеге сатқанын білген сотталушы сол ақшаға өзі кенелмек болады. Зардап шегуші көлікті сатып аламын деген адамға 100 мың теңге беріп, оны қайтара алмай әлек болған. Туысқаны келіп өз көмегін ұсынады да, «қауқарлы» адамдарға хабарласқан түр жасайды.
Сотталушы достарының қарыз алушымен қақтығысқаны туралы, оның ақыры атыспен аяқталғаны, полиция келіп олардың қамауға алынғаны туралы жалған оқиға айтады. Енді оларды шығарып алу үшін 1 млн теңге керек болыпты-мыс.
Зардап шегуші алаяқтың қармағына ілініп, анасына 1 млн теңге несие алғызған. Тіпті бұл да аз көрінген болар, әйелінің ағасы тағы 500 мың теңге сұрайды. Балдызы досынан қарызға қаражат алып, оны да берген.
Қарызды қайтаратын уақыт жеткенде, зардап шегуші бар оқиғаның жалған екеніне көзі жетіп, сотқа арыз береді.
Сот отырысы барысында алаяқ бар кінәсін мойындап, шығынды өтеп береді. Оның тәрбиесінде кішкентай баласының барын ескеріп, сот жұмсақ жаза тағайындайды – шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айырады.
Следующая →