Биыл облыстағы алғашқы үшемді ауруханадан шығарды
Үшем 11 қазан күні кесір тілігі арқылы дүние есігін ашқан болса, бүгін Күршім ауданы Сарыөлең ауылындағы үйлеріне қайтты
Бүгін Ана мен бала орталығында мейрам. Себебі бұнда үшемді ауруханадан шығарып алуға тек жақын туыстары ғана емес, тілшілер де келді.
32 жастағы ана үш құрсақ көтерген. Үш ұлдан бұрын жас ана екі қыз балаға дүние жарығын сыйлаған екен. Ананың айтуынша, ұлды болуды жұбайы екеуі көптен бері аңсап жүргенде, Жаратушы бірден үшеуін бергендігіне риза.
- Ұлдарымыздың есімдерін үш жүздің құрметіне Ақарыс, Жанарыс, Беуарыс деп атадық, - дейді үшемнің анасы Майра Күнен. - Мен өте қуаныштымын.
Дәрігерлер айтқандай, жас ананың жүктілігі тыныш әрі қалыпты өткен. Ата-аналардың екеуінің тегінде де егіздер болғанымен үшемдер болып көрмеген. Ана мен бала орталығының қызметкерлері жыл сайын егіздер мен үшемдер санының артып келе жатқандығын алға тартады. Биылғы жылы тағы бір үшем дүниеге келеді деген болжам да бар көрінеді.
- Күніне 30 бала жүниеге келсе, жылына олардың саны тоғыз мыңға жуық, - дейді Ана мен бала орталығы директорының м.а. Қарлығаш Мажиринова. - Жыл сайын туу көрсеткіші артатыны байқалады. Сонымен қатар, көпұрықтық жүктілік саны да ұлғаюда.
Следующая →