ШҚО-да үш жел электр станциясы салынады
Облыста 2019 жылға дейін үш жел электр станциясы мен бір күн электр станциясы салынады.
Баламалы энергия көздерін өндірудің төрт бекеті Ұлан және Жарма аудандарында салынбақ.
ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін көріп қайтуға облыстық басқармалардың басшылары Астанаға әдейі жіберілген екен.
- Облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, басшылар халықаралық көрмеге барып, өзінің саласына қажетті, қызықты технология жайында мағлұмат жинап қайтуы тиіс болатын, - дейді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Оралбеков. - ЭКСПО-да ұсынылған сегіз жобаны облыста жүзеге асыруға ниеттеніп отырмыз. Бұлардың барлығы электр қуатын үнемдеу мен экологияны зиянды заттардан тазалау саласына қатысты.
Бұл жобалардың қатарында тұрмыстық, өндірістік қалдықтарды өңдеу, электр жарығын цифрлық технология арқылы беру, ғимараттарды автономды, жеке жылыту технологияларымен жабдықтау, суды тазалау сынды жобалар бар.
- Ал 2019 жылға дейін Ұлан және Жарма аудандарында үш жел электр станциясы мен бір күн электр станциясы салуды көздеп отырмыз, - дейді Қайрат Оралбеков.
Станциялар инвестор қаржысына салынады, яғни мемлекеттен қаржы бөлінбейді.