Араздық туғызған басшы қызметтен кете ме?
Инспекция қызметкерлері басшыны алаяқ деп айыптап, облыс басқармалары мен департаменттеріне арыз түсірген. Ал бас инспектор болса, айыпты мойындамауда
Жұмыс орнында алауыздық туғызғаны үшін бас инспектор жұмыстан қуылуы мүмкін.
АШМ Су ресурстары комитетiнің Су ресурстарын пайдалануды және қорғауды реттеу жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясының қызметкерлері өздерінің басшысы - Рыспек Сүлейменовтің атына бірнеше жыл бойы шағым түсіріп, оның әділетсіздігі мен заңсыздығын айтып арызданған. Бұл мемлекеттік инспекцияның ішкі ұжымында не болып жатқанын анықтамақ болған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесі басшының қызметке лайық емес екендігін мәлімдеді.
Мәселенің барлығы қызметке бір ай бұрын ғана орналасқан Мұқанова есімді азаматшаның өз басшысына риза болмай, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыздануынан басталған. Маман Рыспек Сүлейменовтің инспекцияға тиесілі көлікті қызметтен тыс, отбасын тасымалдауға пайдаланғанын әрі мереке сайын берілетін сыйақыны дұрыс үлестірмегенін, ұжым мүшелерімен дөрекі қатынас жасайтындығын айтқан. Кейін анықталғандай, басшы өзінің қызметтік «Нива» көлігін пайдаланып туған қызын мектептен алып қайтқан, жездесін жүргізуші ретінде жұмысқа ала отырып, оған көбірек сыйақы берген. Мәселен, Наурыз мейрамында қатардағы қызметкерлер мен үш жүргізушіге 25 мың теңге сыйақы жаздырса, неге екені белгісіз, жалғыз жүргізушіге, яғни, жездесіне 50 мың теңге сыйақы берген.
Оның үстіне, «Нива» қызметтік көлігі жол-көлік оқиғасына ұшырап, оны жөндеуге кеткен 200 мың теңгеден артық қаржыны қызмет көрсеткен кәсіпкерге бермей қойған. Бұдан бөлек, Семей қаласындағы инспекция бөліміне өзінің нағашы ағасын бастық етіп тағайындауға «қолғабыс» еткен.
Ал Рыспек Сүлейменов болса, этикалық комиссияның алдында өзінің құқығын қорғаудың орнына тағылған айыптардан жалтаруға тырысты. Басшының айтуынша, маманның шағымы шындыққа сәйкес емес.
- Маманның қызметтік көлікті өз мақсатына пайдаланды деп түсірген бейнетаспасында мен жоқпын. Сондықтан бұл - заңсыздық. Бөтен адамды бейнетаспаға түсірудің өзі заңсыздық, - деп атады Рыспек Сүлейменов.
Ал кеңес мүшелері кез келген қоғам мүшесі қандай да бір заңсыздықты көрген сәтте оны бейнетаспаға жазып алуға құқылы екендігін жеткізді. Мәселе сыйақыға тірелген кезде, басшы сыйақыны рәсімдеуге арнайы комиссияның шешім шығарғандығын желеу етті.
- Сыйақы бөлу жөніндегі комиссияның шешімі тек ұсыныс қана. Ал сіз басшы ретінде өзіңіз шешім қабылдауыңыз қажет еді. Демек, сыйақы бөлгенде туысыңызға бүйрегіңіз бұрғаны рас қой, - деді комиссия мүшесі Игорь Шацкий.
Ал облыстық прокуратураның өкілі бұл ұжымның бес бірдей қызметкері өздерінің басшысына көңілі толмайтындығын айтқан.
- Ұжымда бірлік жоқ. Түсіністік болмаған жерде жұмыс жасау да қиын. Ал сіздердің қызметтеріңіз - мемлекеттік қызмет. Сіздер мемлекеттің өзі жүктеп отырған міндеттер мен тапсырмаларды орындауларыңыз қажет. Ұжымдағы келеңсіздікті реттеуге ниет білдірмегеніңіз үшін, соның кесірінен мемлекеттік жұмысты дұрыс атқармағандығыңыз үшін кінәлісіз, - деді департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Жанна Қабдолдақызы.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері басшының ұжымда алауыздық туғызатын мұндай келеңсіздіктерді тудырғаны үшін жұмыстан босатуға шешім шығарып, ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаевқа ұсыныс тастады. Ендігі кезекте басшының қызметте қалу не қалмау мәселесін министрлік шешпек.