Өскеменде Конституция күні аталып өтті
Облыс орталығындағы Нұрлы жол саябағында өткен Конституция күніне бес мың қала тұрғындары мен қонақтары жиналды
Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 22 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болып отырған басты заң еліміздің тарихында жазылған басты құжат.
- Конституция мемлекетімізді демократиялық ел ретінде қалыптастырды, - дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. - Бұл құжат адам өмірі мен құқықтарын еліміздің басты құндылықтары ретінде айқындап берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында Ата Заң бүгінгі жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Мемлекетіміздің алтын қазығы, келешегіміздің кепілі – Конституция күнімен құттықтаймын!
Өңір басшысы 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумде Қазақстан халқының 90 пайызы қолдаған төл құжаттың құрылу тарихына тоқталып өтті.
- Ата Заңды қабылдауға жалпы халықтық тыңдау өтіп, 3 миллионнан астам адам қатысты, - дейді Даниал Кенжетайұлы. - 33мың ұжымдық қараудан өтіп, 1100-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Елбасы 20-дан астам елдің негізгі заңдарып зерттеп, Құрама штаттар конституциясының мемлекеттік билікті тармаққа бөлу нұсқасын негізге алды. Француз тәжірибесінен тұлғаның құқықтық статусы бекітілді.
Мерекелік шараға Қазақстанның танымал әншісі Маржан Арапбаева, Вячеслав Ткач сынды әртістер қатысып, ән мен жырдан шашу шашты.
- Конституция күнінің мерекесіне жыл сайын келемін, - дейді қала тұрғыны Ольга Мореева. - Мерекеге немеремді бірге ертіп аламын. Отансүйгіштік баланың санасында жастайынан қалыптасуы керек. Отанға деген махабат тарихпен танысудан басталады деп ойылаймын. Сондықтан мұндай тарихи мереке әрқашан үлкен маңызға ие болады.
Концерттік бағдарлама өңірлік әншілердің өнері мен «Инкоро», «Аллегро» сынды музыкалық бірлестіктердің орындауындағы әндермен жалғасты. Көрермендер әртістерді ду қол шапалақпен қарсы алып тұрды. Концерт аясында спорттық ойындар, театрланған шаралар өткізілді.
Айта кету керек, бұл шараның Нұрлы жол саябағында өтуі тегіннен емес. Қала тұрғындарының мерейіне бөленген демалыс орнын Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде ашылу салтанатына қатысқан болатын.