«Император» сауда кешені балаларға қуаныш сыйлады
Халықаралық балаларды қорғау күні – бұл әрбір бала үшін жылына бір рет қана келетін әрі үлкен қуанышпен күтетін атаулы мереке
Бұл күні қаланың әр түкпірінде бұрын-соңды ұйымдастырылып көрмеген мерекелік кештер өткен болса, қала саябақтарында ине шаншар жер, бала жүретін жол қалмады. Мереке күні қаламызда бүлдіршіндердің көп екендігіне тағы бір көзіміз жетті.
Орталыққа жиналған балалардың бір бөлігі Orange Park ойын-сауық кешені маңында көңіл көтерсе, екінші топ бүлдіршіндер «Император» сауда кешені өткізген «Волшебник Изумрудного города» атты үлкен мерекелік бағдарлама аясында ертегілік әлемге саяхат шекті. Ертегі кейіпкерлерімен бірге ән айтып, би биледі. Ойын ойнап, ертегі кітаптар көрмесін көрді. Қолөнер жәрмеңкесін тамашалап, аквагрим жасады. Ақ пониге мініп, тәтті тағамдар жеді. Балалар фотосессияға қатысып, байқаулардан сыйлықтар мен ойыншықтар алды.
«Императордағы» сауда брендтерінің киім үлгілерін киген жас модельдер орталық сән алаңына шығып, сән-салтанат көрсетті.
- Әдетте, менің ұлдарым шығармашылыққа әуес емес. Алайда бүгінгі мереке балаларыма қатты ұнауда. Бағадан бері құмға, параққа, ағашқа сурет салдық. Зияткерлік ойыншықтар да ұнады. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін! - деді егіз баланың анасы Әсем Сәлімбаева.
Ал қос шатырдың астында жайғасқан ойыншық дүкені мен зияткерлік орталығы, балаларға бояу мен сурет салуды үйрететін шеберлік сыныптары алаңды нағыз балалар қалашығына айналдырды.
Бала қиялына ерік берген жас суретшілер «Волшебник Изумрудного города» ертегісі желісімінен «Алдаспан» және «Устинка плюс» газеттерінің демеушілігімен ұйымдастырылған сурет байқауына қатысты. Қиял күйсандығын шерткен жас шеберлер ертегі кейіпкерлерінің суретін бейнеледі. Ертегі қаһармандарын жақсы білетіндіктен, сүйікті кейіпкерлерінің суретін салғысы келген жас өнерпаздар көп болды. Әрбір сурет сарқылмас бала сезімнің шынайы шуағына толы, қиялдың қат-қатпарына бай болатын. Бұл - салынған сурет қана емес, сәби жүректен суырылып шыққан туындылар. Сондықтан да қазылар алқасына шебер суретшілердің тізімін жасап, нағыз өнерпазды анықтау қиынға соқты.
Ұзақ кеңестен соң 18 қатысушының суреті таңдалып алынып, арасынан үздік суретшілер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Гран-при жүлдесін Мадина Бейсембай алса, бірінші орынды Варя Сумина, екінші орынды Эрик Шкарпетин мен Вероника Маклакова, ал үшінші орынды Милена Матыцина мен Айшуақ Бердіғали екеуі бөлісіп алды.
Өнерпаз салған суреттер бізге де қуаныш сыйлады. Редакциямыздың бір бұрышын сурет көрмесіне арнап, естелікке балап безендіріп қойдық. Жеңімпаз суретшілерді редакция мекенжайында күтеміз: Мыза көшесі, 16/1, 5-қабат. Телефоны: 20-89-34.
Қымбат Слямбеков